16:04, 28 мамыр 2025
2025 жылғы 28 мамырда Ақордада өткен жиыннан кейін Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексіне байланысты айтылған алаңдаушылықтарға пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кейбір азаматтар жаңа кодекс қабылданған соң қазақстандықтар жаппай қолма-қол ақшаға көшуі мүмкін деген пікір айтқан болатын. Бұл туралы сұраққа жауап берген Жұманғарин:
«Қойыңыздаршы енді… Біреулер бірдеңе айтып жатыр, адамдар «кэшке өтеміз» дейді. Кім өтеді кэшке? Қайда өтеді? Үлкен чемодандармен ақша тасып жүре ме? Есеп айырыса ма солай?» – деп жауап берді.
БАҚ өкілдері кейбір дүкендерде қолма-қол төлем жасаған жағдайда жеңілдік берілетіні туралы хабарландырулар бар екенін атап өтті.
«Мен дау айтпаймын. «Кэш» – бұл заңды төлем тәсілі, шын мәнінде. Бірақ қазіргі кезде өте ыңғайсыз. Көптеген сервистері автоматтандырылған және цифрландырылған елміз. Қолма-қол төлеу – уақыт жоғалту. Мен бұған күмәнданамын. Мүмкін, жекелеген кәсіпкерлер, сауда саласында жұмыс істейтіндер ғана шығар… Ал компаниялар мен заңды тұлғалар ше? Күмәнім бар… Бұл туралы кім айтып отыр өзі?» – деді ол.
Сондай-ақ ол кез келген жаңашылдық бастапқыда адамдарға ұнамайтынын атап өтті.
«Бірақ біз жасаған өзгерістер – дұрыс шешім. Мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру қажет болды, және бұл жолдан кері шегінуге болмайды. Мұны нақты түсінуіміз керек», – деп қосты Серік Жұманғарин.
Журналистердің «қаржыны тұрақтандыруға қол жеткізілді ме?» деген сұрағына министр:
«Мәселе біртіндеп шешіліп жатыр, келесі жылы толығымен жойылады», – деп жауап берді.
Бұған дейін Шымкентте полицейлердің жүргізушіден есірткі тәркілегендігі хабарланған болатын.






Leave a Reply