Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммитте экологияның өзекті мәселелерін көтерді


13:09, 22 сәуір 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталды.

«Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз.

Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді.

Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі.

Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр.

Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған байланысты.

Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.