Павлодарда жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған тұрғын жауапқа тартылды


12:49, 22 сәуір 2026

Павлодарда полицейлер қала жолдарында да, қоғамдық орындарда да заңдылықтың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды.

Сондықтан ешбір құқық бұзушылық жазасыз қалмайды. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі.

Мәселен, Павлодар – Қызылорда автожолында патрульдік полиция қызметкерлері Lada автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды.

Тағы бір жағдайда Омск – Майқапшағай автожолында «Газель» көлігінің жүргізушісі тиісті санаты болмай, көлік басқарған.

«Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, көліктері арнайы айып тұрағына қойылды», — деп атап өтті Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың 1718 дерегін анықтаған.