Франция лазерлік қару жасауға келісімшарт жасасты


11:07, 5 қыркүйек 2025

Франция Қорғаныс министрлігі MBDA, Safran Electronics & Defense, Thales және CILAS компанияларын біріктірген консорциуммен дрондарға қарсы жоғары қуатты лазерлік қару прототипін жасауға келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Франция Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

«Тамыз айында Қару-жарақ жөніндегі бас дирекция (DGA) MBDA, Safran Electronics and Defense, Thales және Cilas компанияларын біріктірген консорциумға лазерлік қару жүйесінің прототипін жасауға тапсырыс берді», – делінген ақпаратта.

Жасалып жатқан жүйе «Жаңа буын лазерлік қорғаныс жүйесі» (французша — Syderal) деп аталады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл кешен дрондарға қарсы күресуге және жақын қашықтықтағы әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған.

Syderal лазерлік жүйесін 2030 жылға қарай Франция армиясының қару-жарағына енгізу жоспарланып отыр.