Президент Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның еңбек ері» атағын берді


12:57, 20 мамыр 2025

Қазақстандық әнші Қайрат Байбосынов «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылғы 20 мамырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде белгілі болды.

«Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін мемлекет басшысы Қайрат Әукенұлы Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы жарлыққа қол қойды.

Президент сөзін қорытындылай келе, мемлекет алдағы уақытта да мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсете беретінін атап өтті.