Қазақстандықтарға елемеу керек «шұғыл» SMS-хабарламалар көрсетілді


2026 жылғы 2 ақпанда ҚР Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті халыққа жаңа алаяқтық түрі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство қазақстандықтарға назар салмау керек «шұғыл» SMS-хабарламаларды көрсетті.

«Соңғы уақытта Uchet.kz және Qoldau.kz сервистерінің атын жамылған алаяқтар жалған SMS-хабарламалар таратып жатыр. Қаскүнемдер хабарламада «шұғыл, тез әрекет ету керек» деген сөздерді әдейі қолданып, адамдарды асықтырып, қорқытып жеке деректерін, логин мен парольдерін алуға тырысады. Негізгі мақсат – азаматтардың есептік жазбаларына және қаржылық қаражатына қол жеткізу. Осыған байланысты киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады»,- делінген ақпаратта.

Бұл ретте, азаматтарға келесідей қадамдар ескертілді:

  • ресми сервистер мұндай мазмұндағы SMS-хабарламаларды ешқашан жолдамайды;
  • күмәнді хабарламаларға жауап бермеңіз, ондағы сілтемелерге өтпеңіз;
  • жеке деректеріңізді (ЖСН, логин, пароль, банк картасының мәліметтері) SMS арқылы жібермеңіз;
  • кез келген ақпаратты тек ресми сайттар мен сенімді дереккөздер арқылы тексеріңіз.

«Сақ болыңыз! Жеке деректеріңіз бен қаржыңызды қорғаңыз»,- деп мәлімдеді полицейлер.

Бұған дейін ҚМА онлайн-казино ұйымдастырған АҚШ пен Украина азаматтарын халықаралық іздеуге бергенін жазғанбыз.