Алдағы үш күнде Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде қар мен жаңбыр жауып, ауа температурасы -13°С-қа дейін төмендейді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК 7–9 қазан күндеріне арналған ауа райы болжамында мәлімдеді.
«Алдағы күндері елдің басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклонының әсерінен ауа райы ашық болады. Тек солтүстік және шығыс аймақтарда атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ синоптиктер кей өңірлерде температураның айтарлықтай төмендейтінін атап өтті:
- түнде солтүстік және орталық аймақтарда сынап бағанасы -1…-7°С дейін төмендеп, күндіз +4…+16°С дейін жылынады;
- шығыс өңірлерде түнгі уақытта -5…-13°С дейін суытады, күндіз ауа температурасы +3…+11°С шамасында болады.
«Елдің қалған аумағында ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет».
Бұған дейін синоптиктер Астанада суық, Алматыда жылылық, ал Шымкентте ыстық ауа райы болатынын хабарлаған еді.






Leave a Reply