Қазақстанның солтүстігі мен шығысында -13°С дейін аяз бен қар күтіледі


Алдағы үш күнде Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде қар мен жаңбыр жауып, ауа температурасы -13°С-қа дейін төмендейді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК 7–9 қазан күндеріне арналған ауа райы болжамында мәлімдеді.

«Алдағы күндері елдің басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклонының әсерінен ауа райы ашық болады. Тек солтүстік және шығыс аймақтарда атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ синоптиктер кей өңірлерде температураның айтарлықтай төмендейтінін атап өтті:

  • түнде солтүстік және орталық аймақтарда сынап бағанасы -1…-7°С дейін төмендеп, күндіз +4…+16°С дейін жылынады;
  • шығыс өңірлерде түнгі уақытта -5…-13°С дейін суытады, күндіз ауа температурасы +3…+11°С шамасында болады.

«Елдің қалған аумағында ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі», – деп хабарлады «Қазгидромет».

Бұған дейін синоптиктер Астанада суық, Алматыда жылылық, ал Шымкентте ыстық ауа райы болатынын хабарлаған еді.