«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы: клуб жанкүйерлерге үндеу жасады


18:12, 30 қыркүйек 2025

«Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі бүгін, 2025 жылғы 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтетін тарихи «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде жанкүйерлерді не күтіп тұрғанын айтып, оларға арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Клуб барлық көрерменді матч басталардан 3-4 сағат бұрын стадионға келуге шақырды.

«Бұл стадионға кіреберістегі тексеріс пен бақылаудан өтуге, кезек пен ыңғайсыздықтың алдын алуға көмектеседі. Билетіңіз бен куәлік деректеріңізді алдын ала дайындап қойыңыздар. Матч 21:45-те басталады. Бізбен бірге бұл тарихи сәттің куәсі болыңыздар!» — делінген «Қайрат» ФК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жанкүйерлер стадион аумағына 17:45-тен бастап кіре алады.

Дәл осы уақытта ойын алдындағы бағдарлама басталады:

  • УЕФА мен клуб серіктестерінің интерактив аймақтары;
  • көңілді барабаншылар шоуы;
  • жанкүйерлерге арналған тегін аквагрим;
  • фудкорттағы дәмді тағамдар мен сусындар;
  • трибунада клуб жалауларын тарату.