Бір тәулікте 10 мыңға жуық қазақстандық жаңа АЭС-ке атау ұсынды


13:00, 27 қыркүйек 2025

25 қыркүйек сағат 12:00-ден 26 қыркүйек сағат 12:00-ге дейін eGov Mobile қосымшасы арқылы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша 9 945 ұсыныс түсті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігі мәлімдеді.

АЭС-ке ең үздік атау таңдау байқауы 25 қыркүйекте басталған. Сауалнама eGov Mobile қосымшасында жүргізілуде: басты бетке «АЭС-ке өз атауыңызды ұсыныңыз» атты баннер орналастырылған, ал қолданушыларға байқаудың басталғаны жөнінде push-хабарлама жіберілген.

Бастаманың мақсаты – болашақ станцияға тарихи, мәдени және ұлттық мән-мағынасын айқындайтын атау беру.

Байқауға әрбір қазақстандық қатыса алады. Ол үшін:

  • тілді таңдау (қазақ немесе орыс тілі);
  • атау нұсқасын ұсыну;
  • қалаған жағдайда оның мағынасын қысқаша сипаттау;
  • байқаудың ресми ережелерімен танысқанын растау қажет.

Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан, сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Байқау ережелерімен Атом энергиясы агенттігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан танысуға болады.

Ұйымдастырушылар ел азаматтарын энергетика тарихына үлес қосып, алғашқы АЭС-ке атау ұсынуға үндеді.

Айта кетейік, 26 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев екінші атом электр станциясы Абай облысында салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.