«Арқаны кеңге салатын уақыт емес». Тоқаев әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал туралы айтты


18:04, 24 маусым 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы қазір арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін айта келе, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуал шиеленісе түскеніне тоқталды.

«Жаһандық қауіпсіздік жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Алпауыт елдердің текетіресі ушығып, кейбір аймақта қарулы қақтығыстар өршіп барады. Әлемдік аренада күрделі, бізге беймәлім, терең түсінуді қажет ететін үдерістер орын алуда. Негізінде, халықаралық құқыққа қатысты ұғымдар араласып кетті. Күштінің құқы дәріптеле бастады. Ғаламдық цифрлық трансформация бүкіл адамзатқа бұрын-соңды болмаған қиындықтар әкеледі. Әлем жаңа дәуірге қадам басты. Мұнда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналады. Алдағы іргелі өзгерістердің ауқымын білген жөн. Өркениет көшінен қалмау үшін инновацияны барлық салаға қарқынды түрде енгізу қажет. Мемлекет басшысы ретінде осы іске баса мән беремін. Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды. Көптеген сарапшылар келешекте адам еңбегін алгоритмдер алмастыратынын айтып жүр. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың жаңа мүмкіндіктерін, шын мәнінде екінші тынысын ашуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналды. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар. Сіздердің жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдаланатындарыңызға сенімдімін. Бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалған. Оқиға ортасынан шынайы ақпарат таратуда өздеріңізге мол жауапкершілік жүктелген. Мұны сезіне білу өте маңызды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.