Қазақстанда Ұлы Жеңіс күніне орай жаңа купюра айналымға шығады


Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мерейтойлық банкнотаның дизайны туралы

Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.

Алдыңғы бетінде:

  • Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.
  • Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде:

  • тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді www.kfdz.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынды.
  • ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.

Сурет: nationalbank.kz

Сурет: nationalbank.kz

«Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті». Қазақстан Ұлттық Банкі

Бұған дейін 9 мамырда Алматыда қандай көшелер жабық болатындығы хабарланған болатын.