5 маусымда Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады


19:20, 4 маусым 2025

Синоптиктер 2025 жылғы 5 маусым, бейсенбі күні Қазақстанда ауа райы қандай болатынына болжам жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Қазгидромет» РМК болжамына қарағанда, еліміздің көп бөлігінде ауа райы қолайсыз болады:

«Циклон мен онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстан аумағының басым бөлігінде найзағайлы, бұршақты жаңбыр алып келеді. Солтүстікте – нөсер жаңбыр жауады, жел күшейеді. Ал оңтүстік-батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл күтіледі… Түнгі және таңертеңгі сағаттарда еліміздің солтүстігі мен солтүстік-батысында тұман түседі».

Республиканың тек оңтүстігінде күн жауын-шашынсыз болады деп болжанып отыр.

Сонымен қатар, гидрометеорологиялық орталық төмендегідей ескерту жариялады:

Жоғары өрт қаупі күтіледі:

Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының батысы, шығысы, оңтүстігінде, Ақмола облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және орталығында, Атырау облысының солтүстік-батысы мен шығысында, Қостанай облысының солтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында, Павлодар облысының солтүстік-батысы, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Түркістан облысының орталығында, Алматы облысында және Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, Абай облысының солтүстік-батысы, шығысы, оңтүстік-батысы және орталығында.

Төтенше (аса жоғары) өрт қаупі күтіледі:

Қызылорда облысында, Түркістан облысының солтүстігі, батысы, оңтүстігі мен тау бөктерлерінде, Жамбыл облысының батысы, шығысы және таулы аудандарында, Ақтөбе облысының батысы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында, Атырау облысының оңтүстігі, солтүстігі және батысында, Алматы облысының батысы мен солтүстігінде, Маңғыстау облысының батысында, Қостанай облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының солтүстігі мен шығысында.