1 наурыздан бастап Шамалған стансасы маңында қозғалыс өзгереді: жүргізушілер нені білуі керек


17:29, 27 ақпан 2025

«ҚазАвтоЖол» АҚ 2025 жылғы 27 ақпанда жол қозғалысы қатысушыларына алдағы өзгерістер туралы маңызды хабарлама жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар KAZ01 «Астана — Қарағанды (айналма жол) — Алматы» автожолының «Шамалған стансасының айналма жолының» 2453-2446-шақырым (42-49 шақырым) аралығындағы учаскесінде құрылыс жұмыстарының аяқталуына және қолданысқа берілуіне байланысты жол пайдаланушыларға өзгерістер туралы хабарлады.

«2025 жылғы 1 наурыздан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ хаты негізінде Алматы облысы Қарасай ауданы, Жібек жолы елдімекені арқылы өтетін аталған автожолдың 2448+900 шақырымында (46+100 шақырым) орналасқан теміржол өткелі жабылады», — делінген хабарламада.

Көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін жаңа айналма жол ұйымдастырылды.

Компания барлық қажетті жол белгілері мен қозғалысты реттейтін құралдар орнатылғанын атап өтті.