Қорғаныс министрлігі іздестіру жұмыстары туралы мәлімет берді


23:58, 28 шілде 2025

ҚР Қорғаныс министрлігі 28 шілде күні таңғы сағаттан бастап Сорбұлақ су қоймасы аумағында іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, таңғы 04:30-да су беті мен жағалау жолағы көзбен шолып тексерілген. Сонымен қатар бұл аумақ дрондар (ұшқышсыз ұшу аппараттары) көмегімен әуеден барланған.

«Іздестіру тиімділігін арттыру мақсатында жағалаудың оңтүстік бөлігі қосымша жерүсті және судағы топтармен тексерілді. Іздестіру аймағы секторларға бөлініп, нақтылай өңделді. Су айдынында 13 жүзу құралы жұмылдырылып, су түбін зерттеуге арналған арнайы техникалық жабдықтар қолданылып жатыр», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, күн ішінде операция жүріп жатқан аймаққа басқа өңірлерден қосымша күштер мен техника жеткізілген. Атап айтқанда, Қонаев қаласынан іздеу жасағы, ал Ақтау қаласынан A-400 әскери-көлік ұшағымен жеке құрам мен техника жіберілген. Олардың құрамында сүңгуір құрал-жабдықтары, эхолоттар, қайық және катер бар. Бұл жабдықтар су қоймасының қолжетімсіз учаскелерін зерттеуге арналған.

«Іздеу жұмыстарына қосымша тағы бес әскери бөлімнің күштері мен құралдары тартылды. Жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Іздеу барысында тікұшақтың фрагменттері табылды. Қазіргі уақытта олардың нақты сәйкестігі анықталып жатыр. Операция күрделі гидрографиялық жағдайда өтіп жатыр», — деп мәлімдеді ведомство.

Соған қарамастан, барлық жұмылдырылған бөлімшелер өздеріне жүктелген міндеттерді барынша дәлдікпен және үйлесімді орындап жатыр.