Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ президентіне хат жолдады


20:10, 15 сәуір 2026

Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 сәуірде Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға хат жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы хатында Таяу Шығыстағы қазіргі күрделі ахуал кезінде Біріккен Араб Әмірліктеріне қолдауы мен тілектестігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның тегеурінді, парасатты әрі көреген басшылығымен БАӘ қауіп-қатерді еңсеріп, қарқынды стратегиялық даму бағдарын жалғастыратынына сенім білдірді.

Қазақстан Президенті дипломатия және сындарлы диалог ұзақмерзімді бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізудің ең сенімді құралы екенін тағы да атап өтті.

Мемлекет басшысының бұл хаты өзара сенімнің жоғары деңгейін, ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын және Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері халықтарының арасындағы шынайы бауырластық қарым-қатынасты растайтынын көрсетеді.