Қарағанды облысында экологияға залал келтірген ГРЭС-тен 55 млн теңге өндіріп алынды


21:07, 27 маусым 2025

Қарағанды облысында күл шаңынан көз ашпайтын Топар ауылы тұрғындарының шағымынан кейін ГРЭС-ке ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қарағанды облысы Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша өңірлік экология департаменті «ТОПАР ГРЭС» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.

«Күл үйіндісін қалпына келтіру (№ 4Б секция), алаңның 53%-ын экологиялық рұқсатсыз және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілгені анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігі және 332-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 55,7 млн теңгеге айыппұл салынды. Барлық айыппұлдар өндірілді», делінген құзрлы ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Өскемендегі титан-магний комбинатына 24 млн теңге айыппұл салынғаны хабарланған.