«Қайраттың» футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының финалындағы қарсыласы белгілі болды


3 мамырға қараған түні Францияның Ле-Ман қаласында футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының екінші жартылай финалдық матчы өтті. Алаңға Еуропаның атақты екі клубы – испаниялық «Пальма» мен португалиялық «Спортинг» шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Футзалдағы екі алып команданың текетіресі екі мәрте турнир жеңімпазы атанған «Пальманың» пайдасына шешілді. Испаниялық клуб қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Голдарды Хесус Гордильо, Марио Ривильос және Луан Мюллер соқты.

Енді қазіргі Чемпиондар лигасының жеңімпазы финалда қазақстандық «Қайратпен» кездеседі. Алматылық команда бірінші жартылай финалда испаниялық «Картахенаны» 3:2 есебімен жеңіп шыққан еді.

Қазақстанның вице-чемпионы сапынан Алиссон дубль авторы атанса, жеңіс добын қақпашы Деннис соқты.

«Картахена» құрамынан Мигель Анхель Мельядо мен Габриэль Мотта көзге түсті.

«Қайрат» пен «Пальма» арасындағы «Төрттік финалдың» шешуші ойыны 4 мамырда өтеді. Матч Қазақстан уақыты бойынша сағат 23:00-де басталады.