Қазақстан президенті үкімет пен ҰҚК-ден көші-қон есебін толық цифрландыруды талап етті


15:12, 26 қаңтар 2026

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурадағы кеңес барысында көші-қон саласын толық цифрландыруды маңызды міндет ретінде атады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, көші-қонды реттеу саласында толық цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет.

«Көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыру керек. Бұл – өте өзекті мәселе. Баяғыдан бері талқылап жатырмыз, дұрыс, оң нәтиже аз. Қазір әлемде күрделі ахуал қалыптасып отыр.» Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүкіл әлемде миграциялық ағындардың артып келе жатқанын атап өтті.

«Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын». Мемлекет басшысы

Сонымен қатар Тоқаев Үкіметке енгізілген барлық цифрлық шешімдерге талдау жүргізіп, тексеру жүргізуді тапсырды.