Қазақстандықтар алтын кені бар учаскені заңсыз игеріп, тергеуге ілікті


Түркістан облысының Созақ ауданында бір топ адам құрамында алтыны бар учаскелерді тиісті рұқсат құжаттарынсыз игерген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңірлік прокуратураның 2026 жылғы 5 ақпандағы мәліметінше, 12 адам рұқсатсыз, экологиялық заңнама талаптары мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын бұза отырып, шамамен 451 грамм алтынды заңсыз өндірген.

«Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабының 1 және 3-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілерге қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Олардың бесеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген хабарламада.

Прокуратура заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру экологияға елеулі зиян келтіретінін, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан тигізетінін және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Аталған құқық бұзушылық үшін күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Қостанай облысында марганец кенін заңсыз өндірген ер адам 5 жыл 4 айға сотталған.