Қазақстанда өнеркәсіптік грант беру қағидалары өзгерді


Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2025 жылғы 26 қыркүйектегі бұйрығымен өнеркәсіптік гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өнеркәсіптік грант келесі талаптарға сай үміткерлерге беріледі:

  • қазақстандық тауар өндіруші болуы;
  • шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болуы;
  • ұлттық институтқа өтінім берген күнге дейін кемінде 3 жыл бойы қызметін жүзеге асырып келуі;
  • тек басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнімдерді шығаруға бағытталуы;
  • осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне жатпау;
  • жабдықтың иесімен немесе жабдық бойынша құқықты берушімен аффилиирленбеуі;
  • қажетті біліктілігі бар инженерлік-техникалық персоналының болуы;
  • салық берешегі мен міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша 1 теңгеден асатын қарызының болмауы (салық кодексінің 1-бабының 3) тармақшасына сәйкес төлеу мерзімі кейінге қалдырылған жағдайларды қоспағанда);
  • тарату (ликвидация) процесінде болмауы;
  • жобаның құны кәсіпорынның соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық табысынан аспауы;
  • өтінім берген күнге дейінгі соңғы үш жылда салық аударымдарының (корпоративтік табыс салығы/жеке табыс салығы) оң динамикасының болуы.
  • Аталған талап соңғы үш жыл ішінде тіркелген және заңнамаға сәйкес салық төлеуден босатылған индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне қолданылмайды.

Өнеркәсіптік грант алу үшін өтінім беру тәртібі де өзгерді.

Өтінім мен оған қоса берілетін құжаттар:

  • бірыңғай папкаға жинақталады;
  • әр парағы бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы адамның қолымен куәландырылады (міндетін атқаруды растайтын құжат болуы қажет). Өтінім мен оған қоса берілетін құжаттарды қолтаңбаның факсимильдік көшірмесімен куәландыруға жол берілмейді;
  • құжаттар араб цифрларымен сквозной түрде нөмірленеді;
  • өтінім берушінің мөрі болған жағдайда, әр парағы мөрдің таңбасымен расталады.

Ұлттық институт ресми ашық дереккөздерден алған келесі құжаттар қарауға жатады:

  • тіркелген индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі, оның филиалы немесе өкілдігі туралы анықтама;
  • мемлекеттік кірістер органдарында есепке алынған берешектің бар-жоғы туралы мәліметтер;
  • қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін растайтын құжаттар/ақпарат (тауардың шығу тегі туралы «СТ-KZ» нысанындағы сертификат, Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестік сертификаты/декларациясы, индустриялық сертификат, қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен үзінді көшірме);
  • тарату (ликвидация) процесінде болмауы туралы мәлімет;
  • кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы анықтама.

Сондай-ақ, тауардың шығу тегі туралы «СТ-KZ» сертификаты мен индустриялық сертификаттың күші 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін сақталатыны көрсетілген.

Аталған бұйрық 2025 жылғы 29 қарашадан бастап күшіне енеді.

Еске сала кетейік, өнеркәсіптік грант – өңдеуші өнеркәсіп саласындағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне олардың өнеркәсіптік-инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін және қарсы міндеттемелер орындалған жағдайда қайтарылмайтын бюджет қаражаты болып табылады.