Сот-медициналық сараптамада компьютерлік томография қолданылмақ


Әділет министрлігі сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына, сондай-ақ сот сараптамасын жүргізуге арналған арнайы жабдықталған үй-жайларға қойылатын стандарттар мен талаптарға өзгерістер енгізу туралы түзетулер жобасын әзірледі.

Жоба шеңберінде өлімнің себебін анықтау кезінде сот-медициналық сарапшылардың заманауи инвазивті емес зерттеу әдістерін енгізу және пайдалану ұсынылады.

Атап айтқанда, осы мақсатта компьютерлік томографияны қолдану жоспарланған. Бұдан бөлек, компьютерлік томограф пен оны орналастыруға арналған арнайы жабдықталған үй-жай сот-медициналық сараптама жүргізуге арналған арнайы жабдықталған орынжайларға қойылатын стандарттар мен талаптар тізбесіне енгізілмек.

Жоба 2026 жылғы 17 ақпанға дейін «Ашық НҚА» порталында көпшілік талқылауға ұсынылды.