Рыбакина әлемнің 6-ракеткасын жеңіп, Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты


11:01, 14 тамыз 2025

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1 000 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, америкалық теннисші соның үшеуінде жеңген еді. Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Киз сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Екіншісінде Рыбакина есе қайырды – 6:4. Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы үстемдік танытты — 6:2.

Екі сағат 25 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Енді Елена жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі.