Ресейде жүрген қазақстандықтарға арналған маңызды ақпарат жарияланды


18:40, 19 ақпан 2026

Ресей аумағында жүрген Қазақстан азаматтары жаңа Конституция бойынша өтетін республикалық референдумда дауыс бере алады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі мәлімдеді:

«15 наурыз күні Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. 18 жасқа толған ҚР азаматтары Ресейдегі Қазақстан Елшілігінде дауыс бере алады. Онда №429 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскенің жұмыс уақыты: Мәскеу уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін. Мекенжайы: Мәскеу қаласы, Чистопрудный бульвары, 3 «А» (ҚР Елшілігінің ғимараты)».

Сайлау учаскесіне келген кезде азаматтардың өзімен бірге ҚР азаматының паспорты немесе жеке куәлігі болуға тиіс.

«Сайлау процесін ұйымдастыруды жеңілдету мақсатында Мәскеуде дауыс беруді жоспарлап отырған азаматтардан [email protected] электрондық поштасына келесі деректерді алдын ала жолдауды сұраймыз: толық аты-жөні, туған күні, ЖСН, Ресейдегі тұрғылықты мекенжайы, байланыс телефоны және электрондық поштасы», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Мәскеуден бөлек, 07:00-ден 20:00-ге дейін жергілікті уақыт бойынша дауыс беруге болатын сайлау учаскелері Қазақстан Республикасының Бас консулдықтары жанында да жұмыс істейді:

• Санкт-Петербург қаласы – Чайковский көшесі, 71-үй, №454 сайлау учаскесі;

• Қазан қаласы – Карл Маркс көшесі, 8/13, №465 сайлау учаскесі;

• Астрахань қаласы – 1-Аршанская көшесі, 17-үй, №455 сайлау учаскесі;

• Омбы қаласы – Шоқан Уәлиханов көшесі, 9-үй, №456 сайлау учаскесі.