Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров туған қаласының тұрғындарына алғыс айтты


09:57, 2 наурыз 2026

Италияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлаған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров туған қаласы — Алматыға оралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

21 жастағы спортшы бұл маңызды оқиғаға арнап Instagram парақшасында қазақ және орыс тілдерінде жазба жариялады. Салтанатты қарсы алу рәсімінен түсірілген фотосуреттерді ол 2026 жылғы 1 наурыз күні бөлісті.

«Туған қалама, өз шаңырағыма оралдым. Қарсы алып, ықылас білдірген барша жанға шынайы алғысымды айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бен жылы лебіздеріңізді сезіндім. Рахмет саған, Алматы», — деп жазды Михаил.

Жанкүйерлердің жауабы да көп күттірмеді. Олар спортшыны туған қаласына оралуымен құттықтап, қазақстандықтарға сыйлаған қуанышы үшін алғыс айтып, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Пікірлер арасында: «Алматы сенің үйге оралғаныңа қуанышты!», «Сен — Қазақстанның мақтанышысың», «Халық сені жақсы көреді, қуаныш сыйлағаның үшін рақмет», «Керемет спортшы, жарқын болашағың алда!» деген жылы лебіздер жиі жазылған.