10:18, 16 наурыз 2025
Наурызнама онкүндігінде 16 наурыз отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған. Шаңырақ — отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың жалғасуының символы, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл күні отбасы құндылықтары насихатталады. Еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың неке қию рәсімі өтіп, ақсақалдар бата беріп, жас жұбайларға бақ-береке тілейді.
Статистикалық мәліметтерге тоқталсақ. Былтыр Қазақстанда 123,6 мың неке тіркелді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артық.
Орташа неке жасы: ерлер – 27,9 жас, әйелдер ¬– 25,2 жас. Ең көп неке шілде айында тіркелген – 13 739.
Отбасы – бұл әр адамның өміріндегі басты құндылық, күш, қуат, жақсылық, үйлесімділік көзі. Қазақ халқы отбасының адам өміріндегі маңыздылығын, оның білім берудегі және болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін терең түсінген. «Жанұясыз адам – жеміссіз ағаш», «Баланың бас ұстазы – ата-анасы», «Отбасының сәні – сыйластық», «Ата – асқар тау, ана – бауырыңдағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз» деген мақалдың өзі соның айғағы.






Leave a Reply