Кеден бекеттерінде «қызыл түйме» пайда болды: ол не үшін қажет


Мемлекеттік кірістер комитеті барлық кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарына «қызыл түйме» орнатты — QR-кодты сканерлеу арқылы азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туындаған мәселе бойынша МКК Төрағасына тікелей жүгінуге мүмкіндік алады. Толығырақ ақпаратта.

Ведомствоның 2025 жылғы 6 мамырда таратқан ақпаратына сүйенсек, бұл құрал — кеден қызметтерін алу кезінде туындайтын қиындықтарға жедел әрекет етуге және қызметкерлер тарапынан әдепсіз мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.

«Өтінімді беру формасы қарапайым әрі түсінікті, оны бірнеше минут ішінде толтыруға болады. Қалауыңыз бойынша өтінімді анонимді түрде жолдауға мүмкіндік бар. Біз азаматтармен және бизнес-қоғамдастықпен ашық әрі әділ диалог орнатуға ұмтыламыз. Әрбір келіп түскен өтінім қысқа мерзімде қаралып, тиісті шаралар қабылданады»,- делінген ақпаратта.

Кедергілерге немесе сапасыз қызмет көрсетуге тап болған әрбір адамды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырды.

Бұған дейін Алматыда биыл 800 экоавтобус сатып алынатындығы хабарланған болатын.