13:35, 22 сәуір 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің экологиялық жағдайына қатысты пікір білдіріп, оны қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, Каспий теңізін сақтау – өңірдегі экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті қорғау, сондай-ақ орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
«Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау тұрғысынан айрықша маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан Каспий теңізінің тартылуын болдырмау мақсатында мемлекетаралық бағдарлама қабылдау бастамасын көтергенін, сондай-ақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болғанын атап өтті.
Президент бұл институт өңірлік ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін айтты.
«Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Каспий маңында қарулы күштерді қолдануға жол берілмеуі тиіс екенін, бұл мәселеге қатаң тыйым салынуы қажет екенін жеткізді.






Leave a Reply