Жаңаөзен маңындағы мұнай ұңғымасында апат орын алды


11:12, 11 маусым 2025

10 маусым күні Жаңаөзен қаласына жақын орналасқан Теңге ауылы маңындағы мұнай ұңғымасында газдың шығуы тіркелді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы өңірлік Экология департаменті мәлімдеді.

«Сағат 08:30 шамасында Теңге ауылынан 500 метр қашықтықта орналасқан «Petro НефтеГазсервис» ЖШС-не тиесілі №553 ұңғыманы бұрғылау кезінде төтенше жағдай орын алып, газ шығарылды. Сағат 08:40-та кәсіпорын қызметкерлері қажетті жұмыстарды жүргізіп, жағдайды оқшаулады», – делінген ақпаратта.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнындағы қоршаған ортаға келуі мүмкін әсерді бағалау үшін зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары атмосфералық ауаның аспаптық өлшеулерін жүргізген.

Экология департаменті өлшеу нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат берілетінін нақтылады.

Бұған дейін Астанада спорт-барда ұрлық жасаған күдіктінің бейнебақылау камерасына түсіп қалғандығын жазғанбыз.