Етке бағаны көтергендер қалай жазаланады – Сауда комитеті жауап берді


12:14, 23 қыркүйек 2025

Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев 2025 жылғы 23 қыркүйекте үкіметтегі брифингте ет бағасын негізсіз көтергендерге қолданылатын шаралар жайлы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, 15%-дан асатын сауда үстемесі үшін әкімшілік жаза қарастырылған.

«15 пайыздық сауда үстемесін асырған жағдайда 5-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұл бизнес субъектісіне байланысты – жеке кәсіпкер ме, әлде шағын, орта немесе ірі бизнес пе. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10-нан 300 АЕК-ке дейін болады. Келесі жылдан бастап шекті бағалар мен лимиттер алынып тасталып, тек сауда үстемесі сақталады», – деді Жәутікбаев.

Сонымен бірге қазіргі таңда өңірлерде етке шекті баға белгіленбеген.

«Оны акиматтар белгілейді. Егер шекті баға белгіленіп, одан асып кетсе, 100 АЕК айыппұл қарастырылар еді», – деп түсіндірді Сауда министрлігінің өкілі.

Бүгін бұған дейін Қазақстанда сиыр еті мен сүт өнімдерінің қымбаттағаны хабарланған болатын.