Димаш пен халықаралық шоуға қатысушылар Алматының Көк базарында болды


21:59, 26 қыркүйек 2025

Димаш пен Hunan Broadcasting System (ҚХР) бірлесе қолға алған халықаралық телевизиялық жоба аясында Алматы мен Алматы облысы «Voice Beyond Horizon» түсірілімінің келесі локацияларына айналды. Zakon.kz.

Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, түсірілім мегаполис пен Алматы облысының танымал туристік орындарын қамтыды. Шетелдік көрермендер су астындағы қылқан жапырақты орманы бар Қайыңды көлін, UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы тарапынан әлемдегі үздік туристік елдімекеннің бірі атанған Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын көре алады. Алматының өзінде түсірілім Арбатта, Көк базарда және метрода өтті.

Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген орындаушылар қатысады. Әртістердің өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

«Voice Beyond Horizon» музыкалық жобасы әртүрлі елдердің әртістерін біріктіріп, Қазақстанның табиғи ландшафтары мен туристік әлеуетін көрсетеді. Түсірілім Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, Алматы қаласында өтті. Халықаралық жобаның ақтық кезеңі Астанада өтеді.

Жобаға Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдау көрсетіп жатыр.