БҚО-да полицейлер тұрғынның пәтерінен экстракциялық опийді анықтады


17:10, 8 қаңтар 2026

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз дайындау және сақтау дерегін анықтап, әшкереледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1981 жылы туған күдіктіні ұсталды.

«Тінту жүргізу кезінде оның пәтерінен медициналық шприцтер, өзіне тән иісі бар қара түсті зат салынған ыдыс, сондай-ақ сұйықтығы бар пластикалық ыдыстар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат есірткі құралы — экстракциялық опий екені анықталды», — деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып саналатынын және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.