Бурабайда балық аулауға рұқсат етілді


14:59, 15 сәуір 2025

«Бурабай» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары 2025 жылдың 14 сәуірінен бастап спорттық-әуесқойлық балық аулауға арналған жолдамалар қайта іске асырылатын, алайда бірқатар шектеулер бар екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таратылған мәліметке сүйенсек, балық аулауға рұқсат етілген көлдер: Бурабай, Кіші Шабақты, Қатаркөл және Текекөл.

Алайда, бірқатар тыйымдар бар:

«Ұлттық парктің су айдындарында балықтардың уылдырық шашу маусымының басталуына байланысты және биоәртүрлілікті сақтау мақсатында келесі түрлерге балық аулау тыйым салынады: шортан мен көксерке – 15 сәуірден 15 мамырға дейін; тұқы – 20 мамыр мен 20 маусым аралығында»,- делінген ақпаратта.

Бұл ережені сақтамағандарға Әкімшілік кодекстің 383-бабы (Балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша 10-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

«Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын заңсыз өндіру) тартылып, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ықтимал»,- деп ескертті.

Қорытындылай келе ведомство су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды және қоқыс қалдықтарын қалдырмауды сұрады.

Бұған дейін алматылық дәрігерлердің науқастың даусын сақтап қалған бірегей ота жасағандығы хабарланған болатын.