Ауыл шаруашылығы өндірушілері бірқатар арнайы техника үшін салық төлемейді


09:27, 25 қыркүйек 2025

Ауыл шаруашылығы министрлігі салықтан босатылатын көлік құралдарының тізімін бекітті. Тиісті бұйрық 2025 жылғы 18 қыркүйекте қол қойылып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Жеңілдік ауыл шаруашылығы өнімдерін, балық шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары мен мүшелеріне қатысты.

Тізімге өндірісте пайдаланылатын арнайы техника енгізілді. Олардың ішінде:

  • сүт пен суды тасымалдауға арналған көлікцистерналар;
  • ветеринариялық қызметтің автокөліктері мен автозообиологиялық зертханалары;
  • жемтасымалдағыштар, тиегіштер, жанармай құю көліктері;
  • тыңайтқыш енгізетін және ұшақтарды химикаттармен тиеуге арналған машиналар;
  • шөп тасымалдағыштар, жемшашқыш автокөліктер;
  • ауыл шаруашылығына арналған АН-2 ұшағы;
  • астық жинайтын, жемшөп жинайтын және өзге де арнайы комбайндар;
  • тракторлар, өзі жүретін шалғылар;
  • ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге арналған машиналар.

Осылайша, аталған арнайы техника түрлеріне көлік салығы толықтай жойылады.