Астанада мигранттарды жемқорлық көзіне айналдырған топтың жолы кесілді


Бас прокуратураның баспасөз қызметі елімізде шетелдіктердің Қазақстанда болуын заңдастыруға заңсыз жәрдемдесумен айналысатын топтың қызметін тыйғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Белгілі болғандай, Орталық Азия елдерінің 5 мыңнан астам азаматы ақшалай сыйақы үшін жұмысқа рұқсат, уақытша тұруды тіркеу және елде болу мерзімін ұзарту қызметтерін алған.

«Қылмыстық схемаға Көші-қон қызметінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Астана қаласындағы филиалының қызметкерлері және заңсыз әрекетті ұйымдастыруға қатысы бар басқа да тұлғалар кірген. Күдіктілердің іс-әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша сараланады: 366-бап (пара алу), 367-бап (пара беру), 368-бап (парақорлыққа делдал болу), 394-бап (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру), 190-бап (алаяқтық)», делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бұған дейін Жамбыл облысында халықаралық іздеудегі күдікті ұсталғаны хабарланған.