Астанада екі айда 35 келіден астам есірткі тәркіленді


17:52, 17 тамыз 2025

Астана полицейлері 2025 жылғы 1 маусымнан бастап елордада өтіп жатқан «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс-шара барысында 195 есірткіге қатысты құқықбұзушылық әшкереленіп, заңсыз айналымнан 35 келіден астам есірткі заты тәркіленді.

Сондай-ақ медициналық мақсатта пайдаланылмайтын тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 80-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«28 «закладчик» ұсталды, есірткі жарнамасы бар 302 сайтты бұғаттау үшін шара қолданылды, екі миллион теңгеден астам қаражатқа байланысты 173 банктік шот бұғатталды», — деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жалпы, 2025 жылдың басынан бері Астанада есірткіге қатысты 276 дерек тіркелген.

778 интернет-ресурс бұғатталып, түрлі түрдегі 400 келіге жуық тыйым салынған зат айналымнан алынды.