Антициклон Қазақстанға -13°С дейінгі аяз әкеледі


Қазақстандықтарға алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы жарияланды. «Қазгидромет» РМК дерегінше, 2025 жылғы 4, 5 және 6 қазанда еліміздің басым бөлігі солтүстік-батыс антициклон ықпалында болады. Соған байланысты жауын-шашынсыз, ашық ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Синоптиктердің айтуынша, тек республиканың солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар жауады.

Сонымен қатар еліміз бойынша жел күшеюі, тұман, шығыста – көктайғақ, ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста – шаңды дауыл болжанған.

«Солтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы біртіндеп -3+5°С-қа, күндіз +5-15°С-қа дейін көтеріледі», – делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Басқа аймақтардағы температуралық фон:

  • Шығыста түнде -3-13°С-қа дейін аяз, күндіз +3+11°С пен -5+5°С аралығында ауытқиды;
  • Оңтүстік-шығыста түнгі уақытта -1-3°С үсік сақталады.

«Қалған аумақта температурада шамалы ғана ауытқулар күтіледі, айтарлықтай өзгерістер болмайды», – деп қосты синоптиктер.

Мамандардың мәліметінше, 2025 жылғы 3 қазанда кейбір облыстарда -3°С-қа дейінгі үсік күтілсе, басқаларында өрт қаупі жоғары болады.