Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты


10:50, 3 маусым 2025

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Анна Данилина Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге үшінші айналымда «Үлкен дулыға» додасының 5-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад – нидерландылық Деми Схурспен кездесті.

Матчты қазақстандық-сербиялық дуэт қос брейкпен сәтті бастады – 3:0. Бұдан кейін Мухаммад – Схурс қайыра брейк жасағанымен, Данилина – Крунич дегеніне жетті – 6:4.

Екінші сетте Анна мен Александра қарқынын тіпті үдетті — 6:0.

Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен ойнайды.