Алматы мен Алматы облысының кей бөліктері жарықсыз қалды


19:38, 19 маусым 2025

2025 жылғы 19 маусымда Алматы қаласы мен Алматы облысында электрмен жабдықтау уақытша шектелді. Бұл жағдайдың себебі туралы Zakon.kz-ке “Алатау Жарық Компаниясы” АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Белгілі болғандай, 19 маусым күні сағат 16:45-те Алматы энергия торабы аумағында автоматты түрде жүктеме түсіру орын алған – апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылған:

• САОН – жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі,

• АЧР – жиілік бойынша автоматты түрде тұтынушыларды ажырату (бұл – бүкіл аймақты жарықсыз қалдырмау үшін кейбір тұтынушыларды уақытша ажыратып тастайтын механизм).

Нақты себебі – 500 киловольт (кВ) кернеулі электр жеткізу желілерінің апаттық өшуі. Бұл желілер “KEGOC” АҚ – Қазақстанның ұлттық электр желісі операторының басқаруында.

«Қазір мамандар апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр», – делінген «Алатау Жарық Компаниясы» хабарламасында.

Жүйелік оператордың (елдегі энергетика саласының бас диспетчері) шешімімен, жүйеге шамадан тыс жүктеме түсіп, жаңа ақаулар туындамауы үшін Алматы облысының келесі аудандарында уақытша электр шектеуі енгізілді:

  • Жамбыл,
  • Балқаш,
  • Есік,
  • Райымбек,
  • Шелек,
  • Кеген,
  • Қарасай аудандары.

Сондай-ақ Алматы қаласында да уақытша шектеулер бар.

Шектеу көлемі – 240 мегаватт (МВт).

«Бұл уақытша шектеу аталған аймақтардағы кей тұтынушылардың біраз уақытқа жарықсыз қалуы мүмкін екенін білдіреді», – деді компания.

Хабарламаның соңында энергожүйедегі жиілік тұрақтанғаннан кейін және Алматы энергия торабы жалпы ұлттық желіге қайта қосылған соң, жарық біртіндеп қайта беріле бастайтыны айтылған.