Алматының бірнеше ауданында жарық сөнді


2025 жылғы 2 қазанда Алматының бірнеше ауданында электр жарығы өшіп қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әуезов және Бостандық аудандарының кейбір тұрғындары жарықсыз отыр. «Алатау жарық компаниясы» АҚ мәліметінше, Дубок, Таугүл, Таугүл-1, Таугүл-2, Таугүл совхозы, сондай-ақ 8, 10, 11-шағынаудандарда жоғары вольтты кабель желісі апатты түрде ажыратылған.

«Көрсетілген барлық мекенжайда электр қуаты ажыратылды. Ақауды жою үшін апаттық-қалпына келтіру бригадалары жөнелтілді. Қазір мамандар себебін анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», — деп хабарлады компания.

Алдын ала мәлімет бойынша, жарық екі сағат ішінде берілуге тиіс.

Сонымен қатар диспетчерлік қызметке Назарбаев даңғылы – әл-Фараби даңғылы – Митин көшесі – Елебеков көшесі аумағындағы тұрғындардан да электр қуатының тоқтағаны жөнінде шағымдар түскен.

Қазір 8 (727) 356-99-99 нөмірлі «жедел желі» жұмыс істеп тұр, соған хабарласып, соңғы ақпаратты білуге болады.