Алматыда мерзімді әскери қызметтегі сарбаз үшінші қабаттан секіріп кетті


Алматыда көпқабатты үйдің үшінші қабатынан сарбаз секіріп түсті. Ол тірі қалып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, №5571 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген сарбаз қатты күйзеліске түскен.

«2025 жылдың 4 қазанында зардап шеккен сарбаз Алматы қаласындағы Жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қызмет барысында дәрігерлер сарбазға “бейімделу бұзылысы” деген диагноз қойған — ол әскерге шақыртылмай тұрып жақын туысын жоғалтқан және қызметін жалғастыруға жарамдылығын анықтайтын әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген», — делінген хабарламада.

Ұлттық ұлан өкілдері бейнебақылау камераларындағы жазбаларда бөгде адамның араласқаны анықталмағанын атап өтті.

Қазір қызметтік тексеріс тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, 30 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі сарбазға жасалған «қорлық» туралы тараған видеоны түсіндіріп, оның «Баткен» көркем фильмінен алынған үзінді екенін хабарлаған болатын.