әр ата-ана білуге тиіс маңызды ақпарат


18:38, 13 мамыр 2025

11-17 мамыр аралығында Ретинобластома жайлы жаһандық ақпараттандыру апталығы өткізіледі. Ретинобластома – бұл сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті көз ісігі. Ауру көбінесе кішкентай балаларда кездеседі.

Кей жағдайда ол тұқым қуалайды, яғни арнайы гендер арқылы ата-анадан балаға беріледі. Осы қауіп туралы алдын ала білу – баланың көру қабілетін және өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Тұқым қуалайтын ретинобластома дегеніміз не?

Адам ағзасында жасушалардың өсуін бақылайтын арнайы гендер бар. Солардың бірі – RB1 гені.

Егер осы генде ақау (мутация) болса, көздің тор қабатындағы жасушалар бақылаусыз көбейіп, ісік пайда болады.

Бала мұндай ақауды генді ата-анасының бірінен мұраға ала алады, тіпті ата-анасында ауру белгілері болмаса да.

Тұқым қуалайтын ретинобластома көбінесе екі көзге бірдей әсер етеді және өмірдің алғашқы айларында пайда болуы мүмкін.

Қандай белгілерге назар аудару керек?

Ретинобластоманың алғашқы белгілері мыналар болуы мүмкін:

  • Фотосуретте көздің қарашығы ақ түспен жарқырауы;
  • Қылилықтың пайда болуы;
  • Көздің қызарып, қабынуы;
  • Бала көру қабілетінің төмендеуіне немесе көздегі ауырсынуға шағымдануы.

Осындай белгілер байқалса, дереу офтальмолог дәрігерге қаралу керек.

Ауруды қалай ерте анықтауға болады?

Егер отбасында ретинобластома тіркелген жағдайлар болса, ата-аналарға мынадай қадамдар ұсынылады:

  • Балаға генетикалық талдау жасату,
  • Туғаннан бастап көзді тұрақты тексертіп отыру.

Бала дені сау болып көрінсе де, тек дәрігер ғана көзге білінбейтін алғашқы өзгерістерді дер кезінде анықтай алады.

Емдеу жолдары

Ретинобластома емдеу тәсілі аурудың деңгейіне байланысты таңдалады. Негізгі әдістер:

  • Лазерлік емдеу,
  • Криотерапия,
  • Химиотерапия,
  • Қиын жағдайда – көзді алып тастау.

Ең бастысы – ауруды ерте анықтау. Ерте басталған емнің нәтижесінде балалардың 95%-дан астамы толық жазылады.

Неліктен алдын ала білу маңызды?

Тұқым қуалайтын ретинобластома туралы ақпарат ата-аналарға баласының денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Уақытында дәрігерге қаралып, тексерістерден өтіп отырса, ісікті ерте анықтауға және баланың өмірін аман алып қалуға болады.

Балаларыңыздың денсаулығын сақтаңыздар — кез келген күдік туындаса, міндетті түрде маманға жүгініңіздер!