Ішкі істер министрлігі (ІІМ) 2026 жылғы 3 ақпанда қазақстандықтарға қандай құқық бұзушылықтар үшін қатаң жаза қарастырылатынын түсіндіретін ақпарат жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтардың жеке өмірі мен қауіпсіздігі заңмен қорғалған. Ал адамды қудалау және қайта-қайта мазалау қылмыс болып саналады.
«Қайталанатын қоңыраулар шалу, хабарламалар жіберу, әлеуметтік желілер арқылы аңду, сондай-ақ адамның еркінен тыс қудалау – сталкингке жатады және ол жеке қауіпсіздікке әрі психологиялық жағдайға елеулі зиян келтіреді», – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес, сталкинг үшін қатаң жауапкершілік көзделген.
«Аталған нормаға сәйкес, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы тағайындалуы мүмкін», – делінген түсіндірмеде.
Қудалауға, аңдуға немесе жүйелі түрде мазалауға тап болған азаматтарға 102 нөміріне хабарласу немесе полиция органдарына жүгіну ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін, 2 ақпанда ІІМ жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін ескерткен еді.






Leave a Reply