Шымкент тұрғыны өз баласына шамамен 8 млн теңге қарыз болған


12:24, 26 сәуір 2025

Шымкент қаласының прокурорлары ел азаматынан алимент бойынша ірі қарыз — 7 905 638 теңгені өндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Талдау нәтижесінде 6 жыл ішінде дәлелді себепсіз 7 905 638 теңге сомасына алимент бойынша берешек төлемеген О. есімді борышкер анықталды. Борышкер сот шешімін тиісінше орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

«Аудан прокуратурасымен аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабымен СДТБТ-ге қылмыстық істі тіркеп, тергеп-тексеру нәтижесінде сотқа жолдаған. 2025 жылы 6 ақпанда борышкер сот отырысында жәбірленушімен татуласып, алимент бойынша қарыз берешекті, яғни 7 905 638 теңгені толық көлемде өтеуіне байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негізбен тоқтамға алынды».

Прокуратура баладан ұрланған әрбір теңге – оның білім, денсаулық және жарқын болашаққа деген мүмкіндігін ұрлау екенін, алимент – бұл тек заңды міндет емес, сонымен қатар өз балаңның алдындағы жауапкершілік екенін еске салады.

Прокуратура алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге ҚР ҚК-нің 139-бабына сәйкес 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасының көзделгенін ескертеді.