Шымкентте полицейлер жүргізушіден есірткі тәркіледі


15:07, 28 мамыр 2025

Полиция қызметкерлері 250 грамм синтетикалық есірткі тасымалдаған ер адамды ұстады.

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруды жалғастыруда. Халықаралық «Канал» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымы фактісін анықтады.

Шымкент қаласында тоқтатылған автокөлікті тексеру барысында жүргізушіден а-PVP есірткі заты салынған орамдар табылып, тәркіленді.

«Тәркіленген заттың жалпы салмағы 250 грамм. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.