Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы


10:27, 26 тамыз 2025

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова 2025–2026 жылдардағы жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаулыға сәйкес 2025–2026 жылдардағы ЖРВИ, тұмау және COVID-19 аурулары бойынша эпидемиологиялық маусым кезеңінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар көзделген, соның ішінде:

  • 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу;
  • медициналық ұйымдарда кіреберісте «фильтрлерді» ұйымдастыру, маска тағу, антисептиктердің болуы;
  • ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалардың үйге шақырулары бойынша басымдықпен қызмет көрсету;
  • мектепке дейінгі ұйымдарда күнделікті таңертеңгілік «фильтр» өткізу, ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар балаларды уақытша шеттету;
  • орта білім беру ұйымдарында:

– бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырған жағдайда – кабинет жүйесі тоқтатылады және он күнтізбелік күн бойы жаңа балаларды сыныпқа қабылдауға тыйым салынады;

– бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылардың 30% және одан көп бөлігі ауырған жағдайда – оқушыларды онлайн-оқытуға көшіру жүзеге асырылады.

Сонымен қатар қаулыда көзделгендер:

  • эпидемиялық өршу кезінде тұмау, ЖРВИ және COVID-19 науқастарына арналған қосымша инфекциялық төсектерді ашу жоспарын бекіту, ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды сұрыптау қағидатын сақтау;
  • медициналық қызметкерлерді тұмау, ЖРВИ, COVID-19, қауымнан тыс пневмониялар кезінде көмек көрсету, инфекциялық қауіпсіздік режимін сақтау және басқа инфекцияларды ажырату диагностикасы бойынша даярлау;
  • вакцинация жүргізетін медицина қызметкерлерін профилактикалық екпе салу мәселелері бойынша оқыту;
  • медициналық ұйымдарда температуралық режимді сақтау;
  • дезинфекциялық режимді күшейту;
  • тұмау, ЖРВИ және COVID-19 бойынша рутинді эпидемиологиялық қадағалау, тұмауға ұқсас аурулар (ТҰА) мен ауыр жіті респираторлық инфекциялар (АЖРИ) бойынша дозорлық қадағалау жүргізу;
  • әр бейсенбіде (бейсенбі–сәрсенбі кезеңі бойынша) ЖРВИ, тұмау, COVID-19, пневмониялар бойынша сырқаттанушылық, өлім-жітім, стационарлық және амбулаторлық ем қабылдаушылар жайлы жасы бойынша бөлінген мәліметті ҚР ДСМ «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» РМК жанындағы Жедел орталыққа жолдау;
  • клиникалық хаттамаға сәйкес халықтың осал топтары арасында ЖРВИ профилактикасын жүргізу.

Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына және барлық меншік түріндегі білім ұйымдарына тапсырылғаны:

  • оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті сабаққа қатысуын, келмеу себептерін бақылап, медициналық ұйымдарға хабарлау;
  • білім беру ұйымдарында аурудың алдын алу үшін таңертеңгілік «фильтр» ұйымдастыру;
  • таңертеңгілік «фильтрде» анықталған ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар балаларды оқудан уақытша шеттету;
  • күндіз сырқат белгілері пайда болған балаларды ата-анасы келгенге дейін оқшаулау;
  • білім беру ұйымдарында әр қабатта, әр сыныпта (аудитория, кабинет) қол антисептигі бар санитайзерлер орнату;
  • оқушылармен жеке гигиена мен ЖРВИ, тұмау, COVID-19-дың алдын алу ережелеріне қатысты тақырыптық диктанттар өткізу.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментіне тапсырылғаны:

  • үйге шақыруларды орындау жағдайларын қамтамасыз ету;
  • төсек-орын қорының жеткіліктілігі мен жүктелуін мониторингтеу, эпидемиологиялық жағдай күрделенсе қосымша инфекциялық төсектерді ашу шараларын қабылдау;
  • мобильді бригадалар құру мәселесін қарастыру.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.