Алматы әкімі «Медеу» мен Орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары қашан басталатынын айтты


Алматы қаласында негізгі қалалық нысандарды жаңғырту жоспарлануда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025 жылғы 8 сәуірде өткен Үкімет отырысында биылғы жылы «Медеу» БСК, сондай-ақ сыйымдылығы 35 мың көрерменге дейін ұлғайтылған Орталық стадионды қайта жаңарту басталатынын айтты. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

«Бұл шаралар нысандардың жайлылығы мен функционалдығын арттырып қана қоймай, ірі концерттер мен іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндіктер туғызады», – деді Ерболат Досаев.

Ол туристік қызметтердің экспортын арттыру үшін Алматы қаласы жоғары әлеуетке ие іскерлік туризмді белсенді дамытып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда MICE және EVENT – инфрақұрылымның 27 жобасы іске асырылуда.

«Ағымдағы жылдың мамыр айында Almaty Museum of Arts және «Целинный» заманауи мәдениет орталығының құрылысын аяқтау Алматының елдің мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін көрсетеді», – деді Ерболат Досаев.

Бұған дейін Астанадағы жол учаскелерінің бірі күзге дейін жабылатындығы хабарланған болатын.