09:27, 17 сәуір 2025
Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Тверь облысының Ржев қаласына қазақстандық делегация барып қайтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, еске алу рәсімі барысында делегация мүшелері 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадаларының жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.
Сурет: kazembassy
Белгілі болғандай, бұл мемориал 2010 жылы ашылған болатын, ал Жеңістің 80 жылдығына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қайта қалпына келтірілді.
«Мемориал гранит қабырғадан тұрады, онда «100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары жауынгерлеріне – алғыс білдіруші қазақстандықтардан» деген жазу қашалып жазылған. Қабырғаның оң жағында Қазақстан картасы бейнеленген панно орналасқан. Онда 1941 жылы осы атқыштар бригадалары жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елорда Астана қаласы белгіленген. Мәрмәр тақталарда бұл бригадаларға Қазақстаннан шақыртылған он мыңға жуық жауынгердің есімдері қашалып жазылған»,- делінген ақпаратта.
Сурет: kazembassy
Сондай-ақ қазақстандық делегация Совет жауынгері ескерткішіне және Трубино ауылындағы бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойды. Бұл жерде шамамен 2000 сарбаз жерленген. Олардың арасында Қазақстан Президентінің туған ағасы – Касым Болтаев та бар.
Сурет: kazembassy
Бұған дейін Қазақстанда қанша ардагер бар екендігі жайлы жазған болатынбыз.






Leave a Reply