Оңтүстік Қазақстанда полицейлер жоғалған бір үйір жылқыны тауып берді


20:33, 13 сәуір 2026

Жамбыл облысында полиция аудан тұрғынының жоғалған 24 жылқысын тауып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полицейлердің мәліметінше, 2026 жылдың 9 сәуірінен 10 сәуірге қараған түні Жамбыл ауданы аумағында аудан тұрғынына тиесілі жылқылар жайылымда қараусыз қалып, жоғалып кеткен. Аталған дерек бойынша тез арада полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырды.

«Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде Т.Рысқұлов ауданына қарасты тау бөктерінен жоғалған 24 бас жылқы бір тәулікке жетпей табылып, иесіне қайтарылды. Полицейлердің кәсіби іс-қимылының арқасында малдың ұрланып кетуіне жол берілмеді»,- делінген ақпаратта.

Өз кезегінде, азамат полиция қызметкерлеріне жеделдігі мен жауапкершілігі үшін шынайы алғысын білдірді.

Бұған дейін Оралда екі көлік өртеніп, жасөспірім күйік алғанын жазғанбыз.