Алматыда ХҚКО қызметкерлеріне жер сілкінісі мен өрт кезіндегі әрекеттер үйретілді


12:11, 20 наурыз 2026

Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) 250-ден астам қызметкері жер сілкінісі мен өрт кезінде қалай әрекет ету керектігі бойынша оқытудан өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алты ХҚКО-да қауіпсіздік мәселелеріне арналған оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылды. Бұл шаралар 1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай басталған азаматтық қорғаныс айлығы аясында өткізілуде.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта тағы 10 ХҚКО қызметкерлерін оқыту жоспарланып отыр.

Сурет: Алматы ТЖД

Оқу барысында құтқарушылар жер сілкінісі мен өрт кезіндегі негізгі қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар «дабыл сөмкесінің» құрамы мен оның жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызына ерекше назар аударылды.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, ХҚКО-лар күн сайын 5 мыңға дейін келушіні қабылдайды. Сондықтан мұндай мекемелерде қауіпсіздік мәселесі мен қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындығы аса маңызды.

Бұған дейін Алматыдағы Астана алаңында Наурыз мерекесіне орай мерекелік іс-шаралар өтетіндігін жазғанбыз.